ШУ АУДАНЫ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады. Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ.
Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өз жұмыстарын аудан тұрғындарына руханият шапағатын дарыту, олардың мәдениетін көтеру бағытында жүргізіп келеді.
Аудан кітапханаларының негізгі мақсаты-оқырман қауымды жаңа әдебиеттер мен таныстырып, кітапқа деген қызығушылығын арттыру, жаңа туындылармен таныстырып отыру, білімнің көк жиегін кеңейту, оқырманмен жеке жұмыс жүргізу кітапхана пункттерін ашу, кітапханаға келіп түскен басылымдарды күнделікті насихаттау.
Бүгінгі күн талабына сай оқырманға өркениетті қызмет көрсетуі, кітапхана қызметкерлерінің жаңа технологияларды игеріп, кітапхана жұмысында кеңінен қолдануы.Кітапханалардың бүгінгі қоғамның қажетті ақпарат орталығы екендігін дәлелдеп,беделін көтеруде.
Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Төле би ауылында орталықта Т.Әубәкіров атындағы көшеде екі қабатты жеке ғимаратта орналасқан.
Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады. Осындай оқырманға жан-жақты қызмет көрсететін кітапханалардың бірі 87 жыл тарихы, 253743 мың қоры бар, 120 атаумен мерзімді басылым, жыл сайын кітапхана – 21589 оқырманға қызмет көрсетіп, оларға – 319115 дана кітап пен мерзімді басылымдар беретін Шу аудандық орталық кітапхана.
Кітапхана қорында ғылыми-таңдамалы, көркем әдебиеттер, қазақша, орысша, шет тілдегі әдебиеттер. Қазіргі уақытта аудандағы әдебиеттерді нағыз сақтаушы ғана емес, әрі мәдени, рухани, цифрландырылған ақпараттық орталық болып та саналады.
Кітап сүйер қауымның бұлағынан бастау алып, оқырмандарына қызмет ете бастаған кітапхана – бүгінде елімізді, егемендігімізді танытатын рухани орда. Кітапханалар өздерінің дәстүрлі болмысына табан тірей тұрып, осы заманғы ақпараттық жаңа технологиялар тарататын әлеуетті әлеуметтік топтың қатарынан көрініп келеді. Сондай руханият ордасы Шу аудандық орталық кітапхана. Қазіргі таңда қоғамда өзіндік ерекше орыны бар кітапхананың даму, өсіп-өну тарихына тоқталатын болсақ, ол сонау 1933 жылдардан бастау алады екен.
1933 жылы Алматы облысы Шу ауданы Новотроицкое селосында «Изба читальня» болып ашылды.
1941 жылы Шу ауданы Жамбыл облысына қарасты «Қызыл бұрыш» болып аталды.
1952-1956 жылдары Жамбыл облысы Шу аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Аудандық кітапхана» болып аталынды.
1961- 1980 жылдар аралығында ауылдық кітапханалар саны 32 болды.
1990 жылы аудандағы барлық кітапханалар саны 40-қа жетті.
1995 жылдан бастап оқтайландыру саясаты кезінде ауылдық кітапханалар біртіндеп жабыла бастады.
1997 жылы барлық кітапханалар жабылып, бір кітапхана ғана қалды.
2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» -10 ауылдық кітапхана ашылды.
2002 жылы 3 ауылдық кітапхана ашылды.
2005 жылы 5 ауылдық кітапхана ашылды.
2007 жылы 2 кітапхана ашылды 1-балалар кітапханасы, 1- ауылдық кітапхана.
2008 жылы 1 ауылдық кітапхана ашылды.
2019 жылы 2 ауылдық кітапхана жабылды.
Қазіргі таңда 25 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Атап айтсақ; 1 орталық, 1 балалар, 3 қалалық , 20 ауылдық кітапхана.
1980-1991 жылдар аралығында орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Балхожаева Зере Тәжіхановна басшылық жасаған.
1991-2007 жылдар аралығында Байтугелова Ақсұлу Бостановна
2007-2015 жылдары Ибраева Ұлтуар Усейновна
2015 жылдан бастап осы салада Алжанбаева Бағдагүл Даулетқанқызы басшылық қызметін атқарып келеді.
Кітапхананың жетістіктері бүкіл ұжымның жемісті әрі жанкешті жұмысынсыз мүмкін болмас еді. Кітапхана кешенінде 55 маман қызмет етіп жатыр, оның ішінде жоғары білім иегерлері – 30 адам, 25 арнаулы орта білімнің иегерлері болып табылады. Бүгінгі таңда кітапхана кешенінің материалдық-техникалық базасы ақпараттық – білім беру кешендеріне қойылатын барлық заманауи талаптарға жауап береді: оқырмандар үшін 2019 жылы Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметовтың бекіткен ауылдық мәдени ошақтарының жанынан «Цифрландырылған ақпараттық орталық» ашу тұжырымдамасында көрсетілген тапсырмасына сәйкес 19 кітапханадан «Цифрландырылған ақпараттық орталық» ашылып, компьютер жабдықтарымен, қағаз кескіш құралымен, проектор, аспалы тақта, теледидар, компьютерге арналған стөлдер, трансформер, кітапханалық жиһаздармен, стөлдермен жабдықталған. Кітапханалар egov.kz, Facebook, telegram және тағы басқа сайтармен жұмыстар жүргізуде. Еgov парталы арқылы 12 қызмет түрін және сао-jambyl.kz сайты арқылы 13 сала бойынша толық қанды мәлімет беруде.
Сонымен қатар кітапханада «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асыру мақсатында мобильді smart кітапханада QR-код стенді орнатылған. Оқырмандар 58 оқулық тізімінен белгілі қаламгерлердің кітаптарын оқи алады.
Кітапхананың маңызды бөлімдері:
- Кітапхана ісін дамыту бөлімі
- Құжаттарды жинақтау және өңдеу бөлімі
- Анықтамалық-ақпараттық библиографиялық бөлім
- Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі
- Көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған бөлім
- Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі
- Білім орталығы
2012 жылдың 7 мамыр күні орталық кітапханада электронды зал ашылып, 10 компьютер жабдығымен, жиһаздармен қамтылды.
2014 жылы ақпан айында орталық кітапханада «Көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған бөлім» ашылды. Бөлім жиһаздармен және Рельеф нүктелі Брайль шрифін басатын принтер, басатын машинка, компьютер жабдығымен зағиптарға, музыкалық орталық, зағиптарға арналған бағдарламамен қамтамасыз етілді.
2013 жылы Аудандық орталық кітапханада «Кітапханалық электрондық орта: Ақпараттық ресурстарды қалыптастырудың жаңа жолдары» атты облыстық семинар өткізілді.
2014 жылы кітапхана қызметкері Облыстық «Жыл маманы» байқауына қатысып, «Шебер тілді кітапханашы» дипломымен марапатталды.
Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері.
2016 жылы «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен Б.Алжанбаева, У.Ибраева, К.Көкімова, Б.Нұртаева сынды қызметкерлер марапатталды.
2016 жылы кітапханалық «kitap-shu» сайт ашылған.
Кітапхана толықтай компьтермен жабдықталып, телефондар орнатылып, интернет желісіне қосылған РАБИС бағдарламасымен жұмыс жасалынып кітап қорларын дерек қорға енгізу жұмысын аяқтаған. Кітапханалық ресми сайтта, фейзбук парақшасында өткізілген іс-шаралардың қысқаша ақпараттары мен суреттері, жүйелі түрде жариялануда.
2018 жылы Аудандық кітапханадан «Білім орталығы» ашылған.
Кітапханада «Рухани жаңғыру», және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында арнайы кітап көрмелері мен стендтер жасалынған. Сондай-ақ түрлі іс-шара түрлері өткізіліп оқырмандармен тығыз байланыста.